Өскеменде жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған ер адам үш жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Ер адам өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді

Өскеменде жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған ер адам үш жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Өскеменде жанармай құю бекетіне бензинді арамен қарақшылық шабуыл жасаған ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Өскемен қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық №2 сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 1-бөлігімен (Қарақшылық) іс қаралды. Белгілі болғандай, айыпталушы қылмыстық әрекетін алдын ала жоспарлап алған.

«2024 жылдың шілде айында ол бензинді ара мен киім сатып алып, оны жалға алған пәтеріне тығып қойған. Содан соң 19 шілде күні Үлбі жағасына таксимен жетіп, киімін ауыстырады. Абай-Шәкәрім даңғылдарының қиылысындағы жанармай құю бекетіне жаяу барып, ондағы клиенттердің кетіп қалғанын тосып тұрған. Сәті келгенде бетіне маска тағып, ішкі кіреді. Сол кезде ғимаратта кассир мен күзетші отырған. Бензинді араны қосқан қарақшы ақша талап еткен. Күзетші оған қарай сусындар құйылған банкаларды лақтыра жөнеледі. Соның бірі оталып тұрған бензинді араға түсіп, ол сынып қалғаннан кейін сотталушы қаша кеткен», - делінген соттың хабарламасында.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, қатты өкінетінін айтты.

«Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ер адам өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді», - деп хабарлады соттан.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.