Пышақ кезеніп, автобус жүргізушісін қорқытқан: Алматыда бұзақы қолға түсті
Оқиға Назарбаев пен Райымбек даңғылдарының қиылысында болған
Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісін қорқытқан бұзақы қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды.
Куәгерлердің видеосында ер адамның әуелі автобустың есігін теуіп, сосын пышақ сияқты көрінген затты сілтеп, жүргізушіні қорқытқаны көрінеді.
«Оқиғаның таңертең Назарбаев пен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы қоғамдық көліктердің соңғы аялдамасында болғандығы белгілі болды. Осы қылмысты ашу және оның объективті мән-жайларын анықтау үшін қаланың бейнебақылау жүйелеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде қылмысқа қатысы бар адам анықталды. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында күдікті мен автобус жүргізушісі арасындағы кикілжің аялдама орнында тұрған көлікке өтіп бара жатқан адамның міну ниетінен туындағаны белгілі болды. Жүргізуші оған ескерту айтты, ал өтіп бара жатқан адам құрылыс пышағын шығарған. Ешкім зардап шеккен жоқ», - деді Жетісу аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жәнібек Шынасылов.