Ақтөбеде ауыл әкімдерінің форумы өтті

Azattyq Rýhy

Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі реформалардың заңнамалық кешені әзірленгенін атап өтті

Ақтөбеде ауыл әкімдерінің форумы өтті

Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылған ауыл әкімдері форумында өзекті мәселелер талқыланып,  ұсыныстар айтылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев, облыс әкімі Асхат Шахаров және «AMANAT» партиясынан сайланған аудандық, қалалық, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, департамент және басқарма басшылары қатысты.

«Дамыған демократиялық қоғам құру – мемлекет басшысының негізгі бағыттарының бірі. Президент әр жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін нығайту жолында жүйелі түрде жағдай жасалып жатқанын айтып келеді.  Қазіргі таңда өңірде 157 әртүрлі деңгейдегі әкім бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының 2021 жылғы жарлығынан кейін 155 қала және ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Сонымен бірге, 2023 жылы 3 аудан әкімі пилоттық жобамен тікелей сайланды. Партияның және өздеріңіздің сайлауалды бағдарламаларыңыздың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Партиялар мен әкімдердің белгіленген міндеттемелерді тиімді орындау азаматтардың сенімін сақтауға мүмкіндік береді», - деді өңір басшысы форумның ашылу рәсімінде.

«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі реформалардың заңнамалық кешені әзірленгенін атап өтіп, саяси институттар қайта жаңғырудан өткеніне, Мәжіліс пен мәслихаттар көппартиялы болғанына, бірмандатты депутаттар оралғанына назар аударды.

«Бұл реформалар «AMANAT» партиясына да тікелей әсер етті. Жаңа қоғамдық-саяси ортада, партияда жүйелі ішкі өзгерістер жүргізілді, халықпен жұмыс тәсілдері жаңартылды. Партия сайлаушылардың талап-тілегіне негізделген жұмысқа басымдық беруде. Қоғамда абыройы бар, лайықты кандидаттарды ұсынып келеді. Бұл Мәжіліс, мәслихаттар және әкімдер сайлауларында халықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік береді. Сол себепті, «AMANAT» партиясы жергілікті жердегі жүйелі жұмысқа назар аударып, еліміздің барлық аймағында Ауыл әкімдерінің форумы өткізіп жатыр», - деді ол.

Партия хатшысы ауыл әкімдерінің сайлауына, сайлауалды бағдарлама мен партиялық жобалардың жүзеге асырылуына, қоғамдық қабылдаулардың жұмысына және жастармен жұмыс барысына кеңірек тоқталды. Ол форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін беретінін алға тартты.

Форумда модераторлық еткен партияның облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша, Ақтөбе облысында 2021 жылдың шілдеден бастап 155 ауыл әкімінің сайлауы өткізілді, оның ішінде партиядан ұсынылған 141 (90%) кандидат жеңіске жеткен. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 7 қала, 135 ауылдық округ болса, олардың 133-інде  «AMANAT» партиясының мүшелері әкім болып отыр.

Жиында «AMANAT» партиясынан сайланған Қобда ауданы және Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімдерінің баяндамасы тыңдалды. Форум жұмысы қалалық, ауылдық округ әкімдеріне арналған секциялық жұмыс және семинар тренингтермен жалғасты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.