Маңғыстау облысында тағы бір «алкогольсіз ауыл» пайда болуы мүмкін
Бұл идеяға қарсылық білдіргендер болмады
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтізаров Таушық ауылының тұрғындарына алкогольден бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Таушық ауылында 3 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда 1 амбулатория, 2 жеке медициналық орталық, 3 балабақша және 1 мектеп жұмыс істейді. Әкім Таушықты үлгілі ауыл деп санап, ауыл ақсақалдарына оны «алкогольсіз ауылға» айналдыру туралы ұсыныс жасады.
«Құрметті ардагерлер! Ішкі мәдениетті дамыту және көршілес аудандарда өткізілген жақсы үрдіске сүйене отырып, Таушық ауылын "алкогольсіз ауыл" ретінде көпке үлгі етуді және алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жұмысын жүргізуді ұсынамын», – деді Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтізаров.
Бұл идеяға қарсылық білдіргендер болмады. Таушық облыс орталығынан шамамен 100 шақырым қашықта орналасқан.
Бұл Маңғыстау облысында алкогольден бас тартқан алғашқы ауыл емес. 2023 жылы Мұнайлы ауданының Баянды ауылында жергілікті билік, құқық қорғау органдары және кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатпау және сатып алмау туралы меморандумға қол қойған еді. Сол жылы Онды ауылында дүкендер спирттік ішімдіктер сатуды тоқтатып, нәтижесінде ауылда қылмыс деңгейі нөлге дейін төмендегені хабарланған.