Қазақстан БҰҰ-ның пилоттық жобасына таңдалған алғашқы елдердің бірі атанды
Бұл жоба азық-түлік пен климатты нығайтуға бағытталған
Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістер жағдайында нығайтуға арналған БҰҰ пилоттық жобасына таңдалған бес елдің қатарына кірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан БҰҰ тарапынан азық-түлік қауіпсіздігі мен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша пилоттық жобаны іске асыру үшін таңдалған бес елдің қатарына енді», – деп мәлімдеді ведомство.
Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) бірлесіп ұйымдастырған «Конвергенция бастамасы – Қазақстандағы азық-түлік жүйелері мен климаттық әрекеттер арасындағы синергияны нығайту» атты ұлттық семинар өтті. Семинар барысында ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту және климаттық өзгерістерге қарсы күрестегі бірлескен стратегиялар талқыланды.
Семинарда азық-түлік жүйелері жөніндегі ұлттық координатор Назгүл Хатепова сөз сөйлеп, Қазақстанның климатқа төзімді әдістерді белсенді түрде енгізіп жатқанын және жаңа экологиялық талаптарға жауап беретін аграрлық саясаттар әзірлеп жатқанын атап өтті.
Бұл семинар елдегі қазіргі жағдайды бағалауға, кемшіліктерді анықтауға және Қазақстанда азық-түлік жүйелері мен климаттық әрекеттерді тиімді үйлестіру бағыттарын белгілеуге бағытталған.