Астанада мектеп жанындағы жолаушылар өткелінен өтіп бара жатқан оқушыны көлік қағып кетті
Оқиға Конституция көшесінде №26 орта мектептің жанында жаяу жүргіншілер өткелінде болды
Астанада 18 қазан күні түстен кейін №26 мектеп маңында 14 жастағы жасөспірімді көлік қағып кетті. Оқушы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнында түсірілген видео Astanovka 98 Telegram-каналында жарияланды. Оқыс жағдай Конституция көшесінде №26 орта мектептің жанында жаяу жүргіншілер өткелінде болды.
«Астанада 18 қазан күні Mitsubishi маркалы көлігінің жүргізушісі Конституция көшесімен №26 орта мектебіне қарсы келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінде 14 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. ЖКО салдарынан жаяу жүргінші ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көлік коммуналдық тұраққа қамалды, ал болған оқиға бойынша тексеру жүргізілуде.
Оқушы кеудесіне және тобығынан жарақат алды.