Ақтөбеде өткен ғасырда салынған үйлердің аулалары 30-40 жыл асфальт көрмеген
Бұл үйлер 1990 жылдары салынған. Содан бері аулалары асфальтталмаған, абаттандыру жұмысы жүргізілмеген
Ақтөбеде 90-шы жылдары салынған үйлердің аулалары 30-40 жыл асфальт көрмеген. Қазіргі уақытта осы аулалар жөндеуден өтіп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбеде 25 аула аумағы (39 көп қабатты үйдің ауласы) абаттандырылуда.
Есет батыр, Қалдаяқов көшелеріндегі көп қабатты үйлердің аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары қазір аяқталу сатысында. Қала әкімі Азамат Бекет жұмыс барысын арнайы барып аралап шығып, тұрғындармен тілдесті. Мердігерлерге олардың абаттандыру шараларына қатысты ұсыныс-тілектерін ескеру керек екені туралы ескерту жасады.
«Ауланың жабдықтарын орнатып, жарық шамдарын қойып, суағарларын салу, тротуар төсеу, асфальт төсеу, бәрі де сапалы жасалуы керек. Бұл үйлер 1990 жылдары салынған. Содан бері аулалары асфальтталмаған, абаттандыру жұмысы жүргізілмеген. 30-40 жылда бірінші рет жөнделіп жатыр. Тұрғындардың барлық өтініш-тілектері ескерілуі керек. Жұмысты ПИК, МИБ төрағаларымен ақылдасып атқарыңыздар», - деді Азамат Бекет.
Тұрғындар қала әкіміне Есет батыр, 3, 5, 7 мекенжайындағы үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан жұмысты бірігіп бақылап жүргендерін айтты. Мердігер мекеме «Еңбек» ЖШС басшылығы енді асфальт төсеу және жарықтандыру жұмысы қалып тұрғанын жеткізді. Алдағы екі аптада аяқтап үлгереміз деп уәде берді.
«Біз биыл 25 аула аумағын (39 үйдің ауласы) жөндеуді міндетімізге алдық. Көп жерде қолданылмайтын технологияны қолданып, асфальт берік болуы үшін аулаға геосетка төсеп жатырмыз.
Дәл қазір Есет батыр көшесіндегі №3,5,7 үйлердің аулаларында тұрмыз. Тротуар, шойын қақпақтары бар суағарлар салдық, енді асфальт төсейміз, жарық жүргіземіз және аулаға орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнатып қоятын боламыз», - деді «Еңбек» ЖШС учаске басшысы Бақдәулет Сейдуалиев.