«Қайықпен жүретіндей су тасқыны болмайды» - елорда әкімі нөсерлік су кәрізінің құрылысымен танысты
Нөсер кәрізінің ұзындығы — 500 метр

Биыл жазда Б.Момышұлы даңғылында су басу мәселесі шешіледі. Даңғылда нөсер канализациясының магистральды коллекторының құрылысы басталды. Елорда әкімі қаланы аралау барысында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Нөсер кәрізінің ұзындығы — 500 метр (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін, Б. Момышұлы даңғылы арқылы өтеді).
Көлік жүргізушілеріне қозғалыс ішінара шектелді. 15 мамырда жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс он күнге толығымен жабылады.
Құрылыс жұмыстары биыл жазда аяқталады. Учаскені су басу мәселесі толық шешіледі - «Қайықпен жүретіндей су тасқыны болмайды».
Мемлекет басшысы нөсерлі жаңбыр су жиналуының алдын алу үшін кәріздерді салу жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды.
«Жастар» шағын ауданындағы жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл нөсерлік су канализациясының өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді: бөгетсіз жинауды, жер үсті ағындарын бұруды және тазартуды қамтамасыз етеді.
Тазарту құрылғылары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев және Республика даңғылдарының жаңбырлы су басуын болдырмауға мүмкіндік береді. Тазарту құрылғылары жер астында орналасқандықтан, құрылғы үстіндегі аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізу, шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кету керек, 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы аумағында екі учаскедегі нөсерлік су кәрізінің мәселесі шешілді.