Әлемдік көшбасшылар Таяу Шығыста үлкен соғыстың болуынан қауіптенуде
Бұл туралы бірнеше елдің мемлекет басшылары Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы кезінде мәлімдеді

Газа секторында қарулы қақтығысты дереу тоқтатып, Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылыққа нүкте қоюды Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясында жиналған әлемдік көшбасшылар талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Әлемдік көшбасшылар Израиль мен Ливан арасындағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты аймақта ауқымды соғыс болуы мүмкін деп алаңдаушылықтарын білдірді.
Бұл туралы бірнеше елдің мемлекет басшылары Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы кезінде мәлімдеді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өз сөзінде Газа секторындағы жағдайды «аймақтың барлығын жалмап кетуі мүмкін үздіксіз қорқынышты түс» деп атады. «Ливан қазірдің өзінде шегінде тұр», - деп қосты ол Израильдің Қорғаныс армиясы мен Иран қолдау көрсететін «Хезболла» ливандық тобы арасындағы өзара соққы алмасуды түсіндіре келе.
«Біз, сөзсіз, Палестина халқының өз мемлекетін құру құқығына сенеміз. Бірақ мұның жүзеге асуы үшін палестиналықтар диалогты, Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруды және автономияны қамтамасыз етуді мақсат тұтатын көшбасшыларға сенім артуы керек», - деді Италия премьер-министрі Джорджа Мелони.
Италия үкіметінің басшысы Израильдің өз шекарасын қорғауға құқығы бар екенін атап өтті, бірақ бұл елді бейбіт халықты қорғауға арналған халықаралық құқықты сақтауға шақырды.
Джорджа Мелони басты міндет ретінде атысты тоқтатуды және ХАМАС жауынгерлері 7 қазанда Израиль территориясына жасаған қанды шабуыл кезінде тұтқындаған адамдарды босату керектігін атады.