$ 540.84  634.46  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Халықтық штаб өкілі білім саласы өкілдерімен және аралдық жастарымен кездесті

Кездесуде жастар АЭС төңірегінде толғандырған ойларын ортаға салып, спикерлермен жан-жақты пікір алмасты

Халықтық штаб өкілі білім саласы өкілдерімен және аралдық жастарымен кездесті
Фото: Қызылорда облысының "AMANAT" партиясы филиалы

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб өкілі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Арал ауданындағы сапары барасында білім саласы өкілдері және жастармен кездесті. Шараға аудандық Халықтық штаб өкілдері Базарбай Төреахметов, Талғат Қанатовта қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Білім саласы қызметкерлерімен болған кездесуде Халықтық штаб өкілі Мұрат Ергешбаев алдымен елімізде білім саласына қатысыты атқарылып жатқан жұмыстарды атп өтті.

«Мемлекет басшысы ұстаздар мен білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы мен әлеуметтік қамсыздандыру айтарлықтай өсті. Білім берудің инфрақұрылымдық мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Барлық аудандарда «Жайлы мектептер» салынуда.  Ұстаздарға білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы елімізді өркендету бағытында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүгінгі халық шешіміне беріліп отырған АЭС салу  мәселесінде де болашақ жас кадрларды даярлау, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруде ұстаздар қауымының алар орны орасан»,- деді штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев. 

Жиында аудандық Халықтық штаб төрағасы Базарбай Төреахметов қоғамдық санада қалыптасқан радиациялық қауіпті сейілту турасында атап өтті.

«Қазір көбіміз, атом десе радиация деп шошып жатамыз. Шыны керек, радиацияны күнделікті тұрмыста та алып жатырмыз. Мәселен,   балаларымыздың қолына телефон беріп отырмыз. Ауыра қалсақ, рентгенге де түсіп жатырмыз. АЭС келсек, бұл мәселе бойынша ғалымдар, атом станциясының III+ буынының радиация әсерінің адам баласына еш зияны жоқ екенін айтып отыр. Сондықтан, бақуатты ел боламыз десек, балама жоқ атом электр станциясын салу мүмкіндігін жіберіп алмауымыз керек»,- деді  Базарбай Төреахметов.

Кездесуде сала өкілдері мамандарды даярлау, атом құрылысы және халықаралық шарттар жайлы сауалдарын қойып, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

Сонымен бірге Халықтық штаб мүшелері Арал ауданы жастарымен кездесті.

Жалынды жастар жиынына республикалық Халықтық штаб мүшесі, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев және аудандық Халықтық штаб өкілдері Базарбай Төреахметов, Талғат Қанатов қатысты.

«Толығырақ тоқтала өтсек, АЭС Қазақстан үшін маңызды қадамның бірі болмақ. Оның салу құрылысы әлемдік деңгейде тәуелсіз сарапшылар қадағалауында болады. Технологиялық тиімді тұстары электр энергия көздерін артырады. Бұл сіздердің жастарға жаңа жұмыс орындары көбейуіне көп септігін тигізеді. Мұны ең бірінші Арал жастары дұрыс түсініп бағамдауы тиіс», – деді штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев.

Кездесуде жастар АЭС төңірегінде толғандырған ойларын ортаға салып, спикерлермен жан-жақты пікір алмасты.

Ал Жаңақорған ауданында ҚР Парламентінің Cенат депутаты Руслан Рүстемов Жайылма ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуде атом электр станцияларының артықшылықтары, олардың экологиялық және экономикалық тиімділігі талқыланды.

«Қазіргі кезеңде түрлі салаларда электр энергиясына деген сұраныстың арта түсуі салдарынан, сондай-ақ, халық санының табиғи өсімі процесіне сәйкес елімізде энергия тапшылығы проблемасы орын алуда. Оның ішінде Қызылорда облысы да электр қуатының 30 % -ға жуығын сырттан тасымалдауға мәжбүр. Сол себепті, Қазақстанға сенімді, тұрақты энергия көзі қажет. Бұл елді энергиялық тәуелділіктен сақтайды. Ядролық физика саласының ғалымдары мен энергетик мамандар бұл өзекті мәселені шешудің тиімді жолы ретінде АЭС салу қажеттігін айтады.

“Жасыл энергия” болып саналатын атом қуаты экологиялық жағынан тазалығымен бірге тұрақты электр қуатының көзі ретінде еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, – деп өз ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, атом электр станциясын салудың перспективасына қатысты өз ойларын жеткізді.

Ауыл тұрғындары АЭС-тің экологияға әсері, радиациялық қауіптерді басқару және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#АЭС