Теміржолшылар мен денсаулық саласының өкілдері АЭС салу мәселесін талқылады
Халықтық штаб мүшелері екі аймақта кездесулер өткізді

Ақтөбе облыстық халықтық штабы және Сенат депутаты Амангелді Нұғманов теміржолшылармен кездесті. Кездесуде АЭС-тің тиімділігі мен артықшылығы айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат депутаты Амангелді Нұғманов атом электр станцияларын ешбір энергия көздерімен алмастыруға келмейтінін айтты.
«Қазіргі уақытта еліміздегі электр станцияларының 70 пайызы көмірмен қуаттандырылады. Алайда көмірдің де, газдың да шектеуі бар. Ал күннен қуат алатын құрылғылар 8-10 жылға жарамды. Оны қайтадан салуға көп қаражат қажет. Сондықтан да АЭС салуға талпынып жатырмыз. Ол - баламасы жоқ қуат көзі», - деді Амангелді Нұғманов.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша, АЭС салу арқылы Қазақстан энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік алады. Жобаны іске асыру теміржол саласындағы мәселелерді шешуге де ықпал етеді.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік-логистика саласын дамытуға ерекше назар аударды. Алдағы уақытта теміржол саласына кешенді реформалар жүргізіледі. Яғни темір жолдар салу, жаңа пойыздар, вагондар сатып алу, цифрландыруды енгізу және басқа да мәселелерді шешу көзделген. Мұның бәрі электр энергиясына қажеттілікті арттырады. Сондықтан АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін ғана емес, теміржол саласындағы мәселелерді шешеді, - деді Ербол Данағұлов.
Қазір Ақтөбе облысының темір жол саласында 14 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 4500-і Ақтөбе, Қандыағаш қалаларында. Поездар құрастырып, темір жол салып, жүк және жолушылар тасымалымен айналысып жүрген еңбек адамдары елімізде теміржол желісін электр энергиясымен қамтудың деңгейі төмен екенін көріп-біліп жүр.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында денсаулық саласының өкілдері де АЭС салу мәселесін талқылады.
АЭС салуды қолдау бойынша Тарбағатай аудандық Халықтық штаб мүшелері Нурпеисов Болат Жұмабекұлы, Боғырбаев Асқар Жұмашұлы және Аудандық «Тұғырлы Тарбағатай» газетінің редакторы Үсенов Ернар Ақжар ауылындағы аудандық ауруханасының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуде энергетика жетіспеушілігінің алдын алудың ұтымды жолы - АЭС құрылысының маңызы талқыланды.
Елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздері мен атом электр станцияларын салудың қаншалықты тиімді әрі пайдалы екені туралы түсіндірілді. Қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.