«Педагог мәртебесіне сай емес»: Маңғыстау облысында оқушының жақындары мұғалімнің үстінен шағымданды
Облыстық білім басқармасы Баутино мұғалімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Баутино ауылында мектеп оқушысының туыстары Горький атындағы мектеп-лицейінің мұғалімін жазалауды талап етті. Олардың айтуынша,мұғалімнің әрекеті педагог мәртебесіне сәйкес келмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy inAktau.kz-ке сілтеме жасап.
Туыстарының наразылығын мұғалімнің өзі түсіріп, оқушының анасына жіберген бейнежазбасы тудырды. Видеода мұғалім мектеп оқушысынан сынып іші ыстық болғандықтан, үстіндегі жемпірін шешуді талап етеді. Дегенмен, дәл осы бейнеде басқа мектеп оқушылары да мектеп жейдесінің үстінен ұзын жеңді киімдермен отырғанын көруге болады. Сонымен қатар, ол ұялы телефонды тапсыруды сұрайды, ал қыз оны тапсырдым деп жауап бергенде, ол жеке менің қолыма бермедің деп ашуланады.
«Мен бүкіл сыныптың алдында одан үстіндегі жемпірді шешіп тастауды талап етемін. Кабинет жылы. Ал ол еш қаймықпастан: «мен тоңып тұрмын» деп қарсылық танытады. Мен тест өтіп жатқандықтан, ұялы телефонын өткізуді сұрадым, бірақ ол телефонды менің қолыма тапсырған жоқ. Мен одан сыныптан шығып, үйіне баруын сұраймын. Өйткені ол менің талаптарымды орындамайды. Мен оны кабинеттен шығарып тастағым келіп тұр»,-дейді 20 жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім видеода.
Қыз баланың жақындары бұл оқиғаны оқушыны қорлау деп санайды. Олар мұғалімнің оқушыны қорлауы мен қорқытуы бірінші рет орын алып отырмағанын атап өтті.
Кейінірек облыстық білім басқармасы Баутино мұғалімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
«Нәтижесінде мәселе комиссия отырысында қаралды. «Педагогикалық этиканың кейбір мәселелері туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығына сәйкес комиссияның шешімімен мұғалім педагогикалық этиканың негізгі қағидаттарын бұзғаны үшін ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мектепке оқушылардың ата-аналары шақырылды, бірақ олар келмеді», - деді Түпқараған ауданының білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.