Маңғыстаудағы жаппай улану: мектеп асханасы қызметкерлерінен стафилококк анықталды
Төрт қызметкердің медициналық тексеруден жалған өткені анықталды
                        Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының тамақтан улануына байланысты зертханалық тексеріс нәтижелері белгілі болды. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық Ұлттық сараптама орталығының зертханасының мамандары жоспардан тыс эпидемиологиялық тексеріс жүргізді. Зертханалық зерттеу үшін дайын тағамдардан, судан және асхана қызметкерлерінен сынамалар алынды.
Қорытынды бойынша, мектеп асханасында санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу барысында өрескел санитарлық бұзушылықтар анықталды:
- Дайын тағам өнімдерінің сынамаларында (картоп пюресі, құс етінен жасалған котлеттер, тұздық және компот) патогенді бактериялар зертханалық жолмен дәлелденді;
 - Алынған сынамалардың 20%-ында ішек бактерияларының бар екені анықталды;
 - Асхананың 10 қызметкері, 1 медицина қызметкері және 1 жеке кәсіпкерге бактериологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде 6 маманнан стафилококк табылды;
 - Зертханалық жағдайда дәлелденгендей, асхана қызметкері (ыдыс жуушы) бактериялық дизентерия тасымалдаушысы болып шықты, сондай-ақ бұл қызметкер тағам таратушы жұмысын атқарып, тағамдарды жұқтырған;
 - Жеке медициналық кітапшаларын тексеру барысында 4 қызметкердің медициналық тексеруден жалған өткені анықталып, бұл факт бойынша облыстық прокуратура мен облыстық ішкі істер департаментіне хат жолданды.
 
«Қазіргі уақытта Мұнайлы ауданының полиция бөлімшесінде ҚР ҚК 304-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жағдай ішек инфекциялық ауруларының кластерлі бактериалық таралуына алып келді», - деп хабарлады Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Еске сала кетейік, 7-13 қыркүйек аралығында Мұнайлы ауданының Бесшоқы тұрғын массивінде орналасқан №8 орта мектепте «Жаппай тағамнан улану» тіркелген болатын. 460 бала зардап шекті.