Тоқаев бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті
Кездесулерде өзара ынтымақтастық құру перспективалары талқыланды

Тоқаев бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады.
Әңгімелесу барысында ел экономикасының өсімін ынталандыру мақсатында өзара тиімді ынтымақтастық құру перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Ислам даму банкі Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жолында сенімді серіктес болып келе жатқанына назар аударды.
Банкпен ынтымақтаса жұмыс істеген жылдар ішінде жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтайтын 70-тен астам бірлескен жоба жүзеге асырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған банкпен арадағы Стратегиялық негізгі келісімнің жаңаруын құптады. Оның аясында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржылай қолдау шарттары қарастырылған.
Өз кезегінде Мұхаммед Сулейман әл-Джассер бірлескен жобалардың жүзеге асырылуын оң бағалап, Қазақстан экономикасын әртараптандыру ісіне одан әрі атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ОПЕК халықаралық даму қорының президенті Абдулхамид әл-Халифаны қабылдады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абдулхамид әл-Халифа өзара ықпалдастық және Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша ынтымақтастық перспективасын қарастырды.
Мемлекет басшысы еліміз ОПЕК қорымен серіктестікке стратегиялық тұрғыдан мән беретінін, соның ішінде MENA (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) аймағымен байланысты нығайтуды көздейтінін атап өтті.
Өз кезегінде Абдулхамид әл-Халифа газ химиясы, көлік, су ресурстарын басқару және денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларды қаржыландыру жоспарымен бөлісті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Араб үйлестіру тобы қорларының басшыларын қабылдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд даму қорының бас директоры Сұлтан Абдулрахман әл-Маршадпен, Абу Даби даму қорының операциялар жөніндегі директоры Адел Абдулла Халаф Шамс әл-Хосанимен, Араб экономикалық дамуы Кувейт қоры бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Рашаид әл-Бадермен және Қатар даму қорының стратегиялық инвестиция мәселелері жөніндегі басқарушысы Хайя Бинт Абдулрахман Әл Тәнимен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Шығанақ елдері арасында саяси, сауда-экономика салалары бойынша өзара тиімді және берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сонымен қатар Араб елдерімен жан-жақты байланыс нақты келісімшарттармен және келісімдермен бекітілген. Оған өзара сапарлар және жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қол жеткізілген болатын.
Президенттің айтуынша, Араб үйлестіру тобы өзін Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде көрсетті. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2029 жылға қарай кемінде 150 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды мақсат ететін жаңа инвестициялық кезең басталғанын айтты.
Араб үйлестіру тобы қорларының басшылары Қазақстан Үкіметі мүшелерімен және бизнес қауымдастығының өкілдерімен екіжақты әрі көпжақты келіссөздердің табысты өткенін жеткізді. Онда экономиканың басым бағыттарында бірлескен инфрақұрылымдық және индустриалдық жобаларды қаржыландыру мен дамыту мәселелері қарастырылған.