БҚО-да 50-ге жуық ауыл әлі күнге дейін газдандырылмаған

Azattyq Rýhy

Өткен жылы 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізді

БҚО-да 50-ге жуық ауыл әлі күнге дейін газдандырылмаған
Фото: istockphoto.com

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің мәлім еткеніндей, өңірде газдандырылмаған 47 елді мекен бар. Бірақ бұлардың бәрінде де тұрғындар саны 50 адамнан кем. Айтуынша, кейбірінде 2-3 үй ғана қалған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі uralskweek.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мирас Рүстемұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізді.

«Қазіргі таңда Жаңақала ауданында Аққұс, Үшкемпір, Тасқалада Өркен ауылын газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Оған қоса Бәйтеректе Богатск, Забродино, Спартак, Ақжайықта Қадырқұл елді мекеніне газ жеткізу үшін аталған құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Бәйтеректе Раздольное ауылын газдандыру, Оралға қарасты Деркөл кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясын салу үшін жобалар сараптамадан өткізілуде», – деді М.Мүлкәй.

Басқарма басшысының айтуынша, Аққұс, Үшкемпір және Өркен ауылдарын газбен қамту жобалары бойынша 415 млн 903 мың теңгеге бюджеттік өтінімдер берілген.

«Орал қаласындағы Деркөл кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясы мен газ бұру құбырын салу үшін 2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар «БҚО Ақжайық, Теректі және Бәйтерек аудандарының елді мекендерін газбен жабдықтау үшін жоғары қысымды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталуда», – деді М.Мүлкәй.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.