Жапонияда Nissan және Toyota компаниялары уақытша жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды
Елде тайфун дауылы тұрып, адамдар эвакуацияланды
Жапонияның оңтүстік-батыс жағалауына елде ұзақ жылдар бойы болмаған қуатты «Шаньшань» тайфуны соқты. Дүлей дауыл нөсер жаңбырға ұласып, су тасқындарына, көшкіндерге және электр қуатының өшуіне себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC Russian-ға сілтеме жасап.
Бейсенбі күні кешке қарай тайфун аздап әлсіреді. Алайда, циклон орталығы Жапонияның Кюсю аралына жеткен кезде, желдің жылдамдығы 70 м/с-ке дейін жетті.
«Шаньшань» тайфунының салдарынан кем дегенде төрт адам қаза тапты, шамамен жүз адам жарақат алды.
Кем дегенде 237 мың үй уақытша электр қуатынсыз қалды. Елдің оңтүстік аймақтарында пойыздар қозғалысы тоқтатылды, автомобиль жолдары жабылды, жапон әуежайлары шамамен 700 рейсті тоқтатты.
Ірі өнеркәсіптік компаниялар, соның ішінде Nissan және Toyota қызметкерлерге қауіп төндірмеу мақсатында ел бойынша зауыттарын уақытша жапты.
Тайфунның ең ауыр соққысы теңіз жағасындағы Миядзаки қаласына тиді, мұнда желдің екпінінен шамамен 200 ғимаратқа зақым келіп, бірнеше ондаған адам жарақат алды.