$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосшы әкімдігінде газдандыру мәселесі бойынша жиын өтті

Қалада газ тарту желілерін жобалау жұмыстары бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді

Қосшы әкімдігінде газдандыру мәселесі бойынша жиын өтті
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласы әкімдігінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың төрағалығымен облысты одан әрі газдандыру мәселесі бойынша жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырысқа ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері, «QazaqGaz Aimaq» АҚ және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ақмола облысы мемлекеттік мекемелерінің басшылары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Целиноград және Аршалы аудандары әкімдіктерінің өкілдері де шақырылды.

Жұмыс кеңесі барысында аудандардың газ құбырлары желілерінің құрылысының ағымдағы жағдайы тыңдалды. Ақмола облысын одан әрі газдандыру бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне ұсыныстар енгізілді.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімдіктеріне газбен қамту нысандарын қысқа мерзімде аяқтап, халықты газбен қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Қосшы қаласында газ тарту желілерін жобалау жұмыстары бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді.

Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылы Қосшы қаласын газбен жабдықтаудың жобалық сметасын әзірлеу жұмысы басталған.  Ал өткен жылдың тамыз айында газ құбыры мен газ тарату желілерін жобалау бойынша атқарылған шаралар толығымен аяқталып, мемлекеттік сатып алу шарасы өткізіліп, жеңімпаз «Әлия Сервис» ЖШС келісімшарт жасалған.

Мердігер компания мамыр айында өз қаражатына тиісті  алғашқы жұмыстарды бастап кеткен. Ал маусым айында газ тарту жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазіргі кезде бөлінген қаражаттың 1,68 млрд теңгесі игеріліп, тиісті жұмыстар жасалған. Бір сөзбен айтқанда Қосшы қаласына газ құбырларын тарту және тұрғындарды көлгілдір отынмен қамтамасыз ету бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ,  жоғары қысымды 426х6мм болатын құбырлар 2000 м салынған. Қысымы орташа 75, 90, 110, 125, 450, 500 диаметрлі трубалар 3331,6 м аумақты қамтыған. Ал қысымы төмен 15269,84 м болатын жерасты құбырлары жөндеуден өткізілген.

Болашақта Қосшы қаласымен қоса Тайтөбе ауылы да көгілдір отынға қосылмақ. 2022 жылы Тайтөбе ауылын газбен қамтамасыз ету  бойынша жоба мен оның сараптама қорытындысы жасалған. Жобаның құны 1,8 млрд теңге деп есептелген. Тайтөбе ауылын газбен қамтамасыз ету Қосшы қаласынан жүзеге асырылады. Осы жылдың басында аталған жобаны іске асыру үшін қажетті қаражатты алуға бюджеттік өтінім жасалып та қойған.

Серіктес жаңалықтары