Олимпиаданың финалына жеке бапкерінсіз жеткен боксшы шаңырақ көтерді
Ол үйлену тойын шағын етіп үйінде өткізді
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері қырғызстандық Мунарбек Сейітбек уулу шаңырақ көтерді. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«24 тамыз маған Құдай берген жақсы күндердің бірі болды. Мен жұбайыммен некелесіп, екі дүниеде де бақытқа апаратын жолды бастадым. Президентіміздің ысырапшылдыққа жол бермеу туралы сөздеріне қосыламын және сіздерді де осыған шақырамын. Біздің үйлену тойымыз шариғат бойынша және үй жағдайында өтті», - деп жазды Мунарбек.
Боксшының жарының есімі – Сервиноз. Мунарбек оған бір апта бұрын үйлену туралы ұсыныс жасады. 17 тамыз күні қалыңдығының саусағына сақина тақты.
Мунарбек Сейітбек уұлу 28 жаста, Ош облысының Өзген ауданынан шыққан. Ол бокспен сегіз жасынан бастап айналысып келеді. Ош мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру факультетін бітірген.
Париждегі Олимпиада ойындарында Мұнарбек 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алып, Қырғызстан боксының тарихында алғаш рет медаль жеңіп алды. Ол дүбірлі доданың финалына жеке бапкерінсіз шыққан.