Өтемұратов қоры құны 4 млн доллар тұратын екі модульдік зертхана сыйлады
Зертхана кешенін 24 сағат ішінде орнатуға, басқа қалаларға тасымалдауға болады
Болат Өтемұратов қоры Денсаулық сақтау министрлігіне құны 4 млн доллар тұратын екі модульдік зертхана сыйлады. COVID-19-ды анықтауға арналған мобильді ПТР-кешенінің артықшылығы — оны қажет болған жағдайда басқа қалаларға тасымалдауға және орнатуға болады. Модульдік зертханалар инфекцияны тез әрі тиімді анықтауға арналған, бұл вирусты жұқтыру ошақтарын жедел анықтауға және коронавирустың таралуын шектеуге мүмкіндік береді.
«Болат Өтемұратов қорының қолдауымен эпидемия енді таралып бастаған кезде елімізге COVID-19-ды анықтауға арналған экспресс-тесттер жеткізілді. Олар қазір вирусты жұқтырған және жазылып шыққан адамдарды тексеру кезінде белсенді түрде қолданылып келеді. Мұндай көмекке біз өте ризамыз. Дегенмен, жаңа зертханаларды қысқа мерзімде құрып, жұмыс істеп тұрғандарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, диагностикалық қызметті күшейту қажет», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Зертхана кешенін 24 сағат ішінде орнатуға болады. Әрбір зертханада күніне 1000-ға дейін талдау жүргізуге болады, тест нәтижесі үш сағатта дайын болады. Вирусологтар ол орнатылғаннан кейін бірден жұмысты бастауы үшін Болат Өтемұратов қоры 60 мың тест жүргізуге қажетті реагенттердің жиынтығын сатып алды. Анализ тегін жүргізіледі.
Бұған дейін Болат Өтемұратов қоры медицина қызметкерлеріне құны 200 млн теңге тұратын 94 мың экспресс-тест жеткізді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Вirgemiz қоғамдық қорына коронавирусқа қарсы тұру және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау үшін $1 млн аударды.