Нью-Йоркте төрт жүк көлігінен 60 адамның мәйіті табылды
Жүк көліктері жерлеу бюросының маңында тұрған
Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы жерлеу бюросының маңында тұрған төрт жүк көлігінен 60 адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.
«Жерлеу бюросы лық толып, мәйіттерді кремацияға дейін сақтайтын орын болмағандықтан, жүк көліктерін пайдаланған. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, жүк көліктерінің бірінде салқындату жүйесі болмаған», - деп жазылған ақпаратта.
Қоршаған ортаны қорғау департаменті жерлеу бюросының иесіне жағымсыз иіс үшін екі ескерту жасаған.
«Жерлеу бюросының басшылары мәйіттерді жерлеуге немесе кремациялауға дейін барлық талаптарды орындай отырып сақтауы тиіс», - деп жазылған Нью-Йорк штатының денсаулық сақтау департаментінің сайтында осы оқиғаға қатысты жарияланған материалда.
Айта кету керек, Нью-Йорк АҚШ-тағы коронавирус ошағы саналады.