Челябі облысында бөгетті су шайып кетіп, 163 тұрғын эвакуацияланды
Тасқын салдарын жоюға барлығы 170-тен астам маман мен 60 бірлік техника тартылған
Челябі облысындағы Киалим су қоймасындағы бөгетті су шайып кетіп, адамдар эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресей Федерациясының ТЖМ жариялаған ақпаратқа сәйкес, құтқарушылар аймақтың бірнеше бөлігінде тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығарды.
«Ресей ТЖМ Челябі облысында 163 тұрғынды, оның ішінде 21 баланы эвакуациялады», - делінген ведомство хабарламасында.
Киолим, Мухаметово, Байдашево және Қарасево ауылдарының тұрғындары туралы айтылады. Олар Қарабаш қаласына тасымалданады, онда екі мектептің базасында уақытша орналастыру пункттері ашылған. Құтқарушылар оқиға орнында жұмысын жалғастыруда. Таң атқаннан кейін апатты қалпына келтіру және басқа да шұғыл жұмыстар басталады.
Соңғы мәліметтер бойынша, тасқын салдарын жоюға барлығы 170-тен астам маман мен 60 бірлік техника тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, жауын-шашынның көптігі мен Киалим су қоймасына келетін су ағынының ұлғаюына байланысты ұзындығы 100 метрлік бөгетті су шайып кетті.
Қарабаш ауданында болған жағдайға байланысты ТЖ режимі енгізілді.