Астанада әдепсіз қылық танытқан шетелдік азамат елден кететін болды
Сот қаулысымен шетелдік азамат екі бап бойынша кінәлі деп танылды
Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық орында әдепсіз мінез-құлық көрсеткен және шетелдiктiң ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған шетел азаматына қатысты екі істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Істің мән-жайы бойынша шетелдік азамат қоғамдық орында болған кезінде бұрын таныс емес әйелге қатысты әдепсіз мінез-құлық көрсеткен. Сонымен қатар, құқық бұзушы құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген.
«Құқық бұзушы өз әрекеттерімен қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайлары іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалармен, полиция қызметкерінің баянатымен және бейнежазбалармен расталды», - делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысымен шетелдік азамат екі бап (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі және 517-бабының 5-бөлігі ) бойынша кінәлі деп танылды:
«Құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды; ӘҚБтК-нің 517-бабының 1-бөлігі бойынша ҚР шегінен шығарылды. Сот әкімшілік жаза шараларын қоғамға теріс әсер ететін және қоғамды құрметтемеуге бағытталып жасалған әрекеттердің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады», - дейді соттағылар.
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.