Алматы облысының Кеген ауылы карантинге жабылады
Кеген ауданында коронавирус жұқтырғандар саны 6 адамға жетті
Кеген ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысы бойынша Кеген ауылы уақытша карантинге жабылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кеген ауданында тағы үш адамнан COVID-19 анықталды. Сонымен, Кеген ауданында коронавирус жұқтырғандар саны 6-ға жетті. Пациенттер - 1957, 1971 және 1987 жылы туған азаматтар. Олардың 2-еуі бұған дейін ауырған сырқатпен байланыста болғандықтан, Кеген аудандық орталық аурухананың провизорлық бөлімінде карантинде болатын. Енді 3 науқас та Қарасай аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылады», - деп жазылған хабарламада.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олармен байланыста болған 12 адам оқшауландырылып, эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп жатыр.