Алматы әкімдігі 1 жылға жетер-жетпес уақытта жол ақысын тағы қымбаттатты (ВИДЕО)
Жол ақысы 120 теңге деп бекітілді
Алматыда қоғамдық көлікте жүру ақысы 120 теңге деп бекітілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалада 22 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі жұмыс істейді. Күн сайын желіде шамамен 2,3 мың автобус пен 184 троллейбус жүреді. Қоғамдық көліктермен жол жүретін жолаушылар саны күніне 1,5 миллион адамнан асты.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев 2023 жылғы тамызда жол жүру тарифі 100 теңгеге көтерілгеніне қарамастан, жол ақысын төлеуден түсетін күнделікті түсімдер автобустарды жөндеу, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатып алу сияқты шығындарды өтемейтінін айтты.
«Қоғамдық көліктің бағасы 120 теңгеге көтеріліп жатыр. Бұл – қазіргі таңдағы қажет қадамның бірі. Тасымалдаушылар шығынын өтей алмай жатыр», - деді қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин.
Алматы әкімдігі 2023 жылы 600 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алған, биыл қосымша 600 автобус, 112 троллейбус және 100 электробус сатып алу жоспарда бар.
Видео: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев