$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.04.2020, 22:18
Жаңалықтар

Алматыда медицина қызметкерлері тұратын нысандар тексерілді

Мониторингтік бақылау кезінде эпидемияға қарсы шаралардың кейбір талаптары сақталмағаны анықталды

Алматыда медицина қызметкерлері тұратын нысандар тексерілді

«Nur Otan» партиясы карантин кезінде бақылауды күшейтіп, медициналық қызметкерлердің тұрып жатқан жерін тексерді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары, аудан әкімдері, еріктілер мен санитарлық бақылау мамандарынан құралған топ тексеру барысында эпидемияға қарсы талаптарды сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Медеу ауданы бойынша партиялық бақылаудың мониторингтік тобы Абай атындағы ҚазҰПУ №3 жатақханасы мен «Мика сити» қонақ үйін тексерді. Бұл жерлерде қазір 124 медицина қызметкері уақытша орналастырылған.

«Медицина қызметкерлері тұратын нысандарды мониторингтік бақылау кезінде эпидемияға қарсы шаралардың кейбір талаптары сақталмағаны анықталды. Бұл жағдайды түзету үшін күнделікті жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар нысандарды аралау барысында медицина қызметкерлері партияның қалалық филиалының төрағасына талап-тілектерін, шешімін таппаған мәселелерін айтты және ол өтініштердің бәрі ерекше бақылауда болады», - деді мәслихат депутаты, Медеу аудандық «Nur Otan» партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әміржан Набиев.

Медицина қызметкерлерінің жағдайын тексеру әлі де жалғасады. Учаскелік бақылау топтары берген анықтамаларға егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, соның негізінде нақты шешімдер қабылданбақ.

«Өткен аптада да комиссия келіп, біз тұрып жатқан жерді, тамақтану мен қорғаныс құралдарының бар-жоғын тексерді. «Nur Otan» партиясы демеушілермен бірге азық-түлік әкелді. Әріптестерім «Birgemiz» қорынан 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алды. Елбасыға және Президентке дәрігерлерге көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіремін», - дейді медбике Бақыт Әбілдаева.

Еске салайық, Алматы қаласы бойынша төрт жүзден астам медицина қызметкерінен коронавирус анықталған. Олар инфекциялық стационарларда ем алып жатыр, ал олармен байланыста болған қызметкерлер карантинге алынған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары