Елімізде 5 миллион адамға жасанды интеллект дағдылары үйретіледі – министр

Azattyq Rýhy

ЖИ жұмысын жақсарту үшін қазақ тіліндегі деректер жиналып жатыр

Елімізде 5 миллион адамға жасанды интеллект дағдылары үйретіледі – министр
Фото: t.me/KZgovernment/

2029 жылға дейін 5 млн адамға жасанды интеллект дағдыларына үйрету, 500 мың салалық маман даярлау, 5 қазақстандық бірегей компания құру, IT-экспортты 5 млрд долларға дейін ұлғайту, акселерация есебінен экономика секторларында жыл сайын кемінде 25 жасанды интеллект өнімдерін енгізу мақсаты тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттердің жасанды интеллектті қолдануға дайындығы Oxford Insights әзірлеген әдістемемен анықталады. Осы әдістемеге сәйкес, Қазақстан цифрлық әлеует (76%) және деректердің қолжетімділігі (74%) көрсеткіштері бойынша жоғары әлеуетке ие. Біз жасанды интеллект саласындағы елдік стратегиялық құжаттардың болмауына байланысты «пайымдау» көрсеткіші бойынша айтарлықтай артта қалып отырмыз. Деректер – жасанды интеллект дамуының негізгі элементінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мемлекеттік органдардың деректерін Smart Data Ukimet-ке жинайды. Оған жаңартылып тұратын 93 деректер базасы (мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, жеке кәсіпорындар, екінші деңгейдегі банктер, жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтар) қосылған. Осы мәліметтер үлкен деректерді терең талдауға және соған негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Ж.Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

ЖИ жұмысын жақсарту үшін қазақ тіліндегі деректер жиналып жатыр.

Назарбаев университеті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясымен бірігіп, қазақ тілінде үлкен тілдік модель (KazLLM) әзірлейді. Бұл модель 100 млрд токенге негізделеді.

«Модельдің сапасын жақсарту үшін қазақ тіліндегі деректерді жинау өте маңызды. Осы мақсатта ұлттық деректер жинау науқаны Hugging Face платформасында жүргізіледі. Қазірдің өзінде ашық көздерден 54 млрд токен, оның ішінде 28 млрд токен қазақ және 26 млрд токен орыс тілдерінде жиналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардан, сондай-ақ БАҚ пен мұрағаттардан 90 терабайт дерек жиналды», - деді Ж.Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, елімізде 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы әзірленді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.