$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жиналыс үстінде тұтқындалған: Шымкентте экс-шенеуніктің ісі бойынша сот тыңдалымы өтті

Экс-шенеуніктен бөлек жемқорлық әрекетке қатысы бар деген күдікке тағы бір кәсіпкер іліккен

Жиналыс үстінде тұтқындалған: Шымкентте экс-шенеуніктің ісі бойынша сот тыңдалымы өтті
Фото: Видеодан скрин

Мемлекет қаржысына қол салды деп айыпталған бұрынғы Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушының ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті. Экс-шенеуніктен бөлек жемқорлық әрекетке қатысы бар деген күдікке тағы бір кәсіпкер іліккен. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өтіп жатқан жиналыс үстінде тұтқындалған экс шенеунікке қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті. Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарған Азат Момынов бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Талан-таражға түскен қаржыдан «ауыз тиді» деп айыпталып отырғандар қатарында жеке кәсіпкер де бар.

Осы жылдың бесінші ақпанында қала басшысы Ғабит Сыздықбеков өткізген әкімдік аппаратының жиналысында экс шенеунік ұсталған еді. Жиын барысында тергеу басқармасының өкілі сөз алып, өткен жылдан бері ескертуді елемеген Азат Момыновты тергеуге алатынын мәлімдеді. Ал қала әкімі қызметкерлерді адал жұмыс істеуге, бюджеттен бөлінген қаржыны қолды етпеуге шақырған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ақпараты бойынша экс шенеунік қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген қаражатты ұрлаған деп күдіктелуде. Айыпталушылар келтірген залалдың болжамды сомасы – 120 милиион теңгені құрап отыр. Сот процесінде айыпталушы тарап өзін түсіруге рұқсат бермеді.

«Тікелей әкімнің алдында өтіп жатқан жиында ұстап алып кеткен еді. Бұл сол кезде қоғамдық резонанс тудырды. Қоғам пікірі екіге бөлінді. Біз оларды өте бір үлкен қателік жасады деп ойлаймыз. Алдын ала «осылай болады» деп айту өте қиын. Өзіңіз біліп отырсыз, бұл жағдай үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр. Ал қоғамдық резонанс туындаған қылмыстық істерде ақталып жатқандар шамалы», – деді адвокат Шымырбай Ағабеков.

Тыңдалымда қорғаушылар қылмыстық істі қайта қарау үшін прокурорға қайтаруды сұрады. Алайда сот айыпталушы тараптың өтінішін қанағаттандырмады.

«Қорғаушы Махановтың қылмысты істі ҚПК 323-бабына сәйкес прокурорға қайтару туралы өтініш хаты қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы шағым жасауға немесе прокурордың өтініш хаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы дәлелдер, аппелияциялық шағым, прокурордың өтініш хаты немесе сот актілерінің касациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш хаты енгізілуі мүмкін», – деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Аинель Орақбаева.

Екі айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» дерегі бойынша кінә тағылып отыр. Ал Азат Момынов бұл баппен қатар, 218 бап, яғни «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру» бойынша да тергеліп жатыр. Ал соттың келесі отырысы 23 шілдеде өтеді деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары