Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды

Azattyq Rýhy

Компания ойындарды өткізуге 1 млрд теңге бөледі 

Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды
Фото: ДКО

Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция «Alageum Electric» компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде «Alageum Electric» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми Бас демеушісі болып танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шараға 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров пен «Alageum Electric» КТ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов қатысты.

«Отандық алпауыт компанияның жылдың ең маңызды оқиғасы – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызығушылық танытуы отандық спортқа, оның ішінде ұлттық спортқа деген жоғары құрметті көрсетеді. Біз Alageum Electric компаниясының 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бір бөлігі болғанына қуаныштымыз», - деді дирекция басшысы Наиль Нұров.

«Біздің компания әрқашан еліміздің мәдени және спорттық дәстүрін қолдауға және дамытуға ұмтылады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі мәртебесі - бұл біздің ағымдағы жұмысымыздың жалғасы деп санауға болады. Біз халықаралық аренада дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауға өз үлесімізді қоса алуымызды мақтан тұтамыз», - деді «Alageum Electric» КТ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов.

Бұл маңызды қадам компанияның ұлттық спорт түрлерін қолдау және дамыту жолындағы адалдығын, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілігін, тамырына және халықтың тарихи мұрасына деген құрметін көрсетеді.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шарада 89 елден 2000-нан астам қатысушы болады деп жоспарлануда.

Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.