Бүгін – елімізде Астана күні

Azattyq Rýhy

Мерекеге орай Астанада ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр

Бүгін – елімізде Астана күні
Фото: istockphoto.com

6 шілде елімізде Астана күні мерекесі атап өтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді қабылдады.

1997 жылы 20 қазанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті.

Мерекеге орай бүгін Астанада ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, елордада 100-ге жуық түрлі іс-шара өтіп жатыр.

7 шілдеге дейін Астанада «Театрлы Еуразия» халықаралық көше театрларының фестивалі өтеді. Іс-шараға эстониялық, польшалық, ресейлік және қазақстандық театр ұжымдары мен әртістер қатысады.

6 шілдеде сағат 11:00-де халықаралық көше театрлары фестиваліне қатысушылардың шеруі өтеді. Ол қала алаңынан басталып, Орталық саябаққа дейін жалғасады.

7 шілдеде сағат 14:00-ден бастап Орталық саябақта фестиваль қатысушыларының театрландырылған қойылымдары өтеді. Ол сағат 17:00-де фестиваль аяқталады.

Бұл күні сағат 20:00-де Амфитеатрда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен «Астана – арман қала» мерекелік концерті өтеді. Іс-шараға белгілі өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Қанат және Света Айтбаевтар, Арайлым Рахимқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Зарина Омарова, Мұратбек Хайролда, Фарида Жолдасова, Әкімхан Мәженов, Алтыншаш Мұқатаева, сондай-ақ DJ Dake және «ALEM» заманауи би балеті қатысады.

Осы күні сағат 11:00-де және сағат 15:00-де қала шетіндегі тұрғын алаптарда елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Астана – жүрегім» концерті өтеді. Мерекелік іс-шарада Мәди Қадыров, Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров, Медет және Клара Салықовтар, Бауыржан Исаев және қазақстандық эстраданың басқа да жұлдыздары өнер көрсетеді.

6 шілдеде сағат 18:00-де ЭКСПО алаңында OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерт өтеді. Іс-шарада отандық эстрада жұлдыздары Ninety one, Orda, Raim, Sadraddin, Kalifarniya, Nazima, Alpha, T'OI, Imzi, Құрмаш Махан, Jazzdauren және басқа да әртістер өнер көрсетеді. Концерт аяқталғаннан кейін шамамен сағат 22:15-те (22:30)«ASPAN» дрондар шоуы жоспарланып отыр.

Дрондар шоуы үшін аспанға радиомен басқарылатын 1250 аппарат іске қосылады, оның ішінде 70 аппарат – пиротехникалық дрон. Бұл – дрон симбиозы мен пиротехниканың жаңа технологиясы. Шоулар қазақстандық және шетелдік композиторлардың әуенімен үндестірілетін болады. Шоу демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.