Зорлық-зомбылық: Павлодар облысында заң қабылданғаннан кейінгі бес күнде 19 дерек тіркелді

Azattyq Rýhy

Бес айдың қорытындысы бойынша өңірде отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыс 5,6 пайызға азайды

Зорлық-зомбылық: Павлодар облысында заң қабылданғаннан кейінгі бес күнде 19 дерек тіркелді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Елімізде 16 маусымнан бастап зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Осы уақыт аралығында Павлодар облысында 19 жағдай тіркелді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген құқық бұзушыға қатысты 50 тәулікке дейін қамауға алу немесе 200 АЕК көлемінде айыппұл салу не түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстар қолданылатын болады. Ұрып-соғу бабы бойынша 80 айлық есептік көрсеткішке айыппұл салу немесе 80 сағатқа дейін түзеу жұмыстары немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

«Заң қабылданғаннан кейінгі бес күнде облыста 19 дерек тіркелді. Оның ішінде 12-сі денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және жеті дерек ұрып-соғу. Қазіргі уақытта аталмыш істер бойынша тергеу жүргізілуде», – деп атап өтті облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.

Оның айтуынша, 2024 жылғы бес айдың қорытындысы бойынша өңірде отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар саны 5,6 пайызға азайды.

Құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында «тәуекел топтарына» жататын, яғни, отбасылық жанжал шығаруға жақын тұратын, ішімдікке құмар, нашақорлар және өзге тұлғалармен тиісті жұмыс атқарылуда. Мамандар оларды тұрғылықты жері бойынша тексереді. Әрбір тексеру қызметтік жетондардың көмегімен тіркеледі.

«Отбасылық жанжалшыларға қатысты 2307 қорғау ұйғарымы шығарылды. Мінез-құлқы бойынша  570 ерекше талап қойылды. Оның ішінде ішімдік ішуге тыйым салу бойынша  549 талап қойылған», – деді Руфат Кенжин.

Тұрмыс саласындағы құқықбұзушылықтар үшін  3431 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде қорғау нұсқамаларын бұзу үшін – 157 тұлға, ерекше талаптарды бұзғаны үшін – 405, ішімдік ішу бойынша  –  4207, алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша 141 жеке кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, осы жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойып, құжатта кез келген зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Заң 2024 жылдың  16 маусымында күшіне енді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.