Вейпті тығып шеккендер ұсталса, қандай жаза күтіп тұр
Бұл туралы ІІМ хабарлады
ҚР Ішкі істер министрлігі вейп, электронды темекі өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілікті түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров 2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда вейп, электронды темекі өнімдерінің, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік туындайтынын еске салды.
«Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін ІІМ қабылданған өзгерістер туралы халықпен және кәсіпкерлермен кең ауқымды құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған заттарды сату және тарату фактілері анықталған жағдайда кінәлілерге 200 АЕК (738 400 теңгеге дейін – AR) мөлшерінде айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қаупі бар. Темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелгені және өндіргені үшін мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Аса ірі мөлшерде не бірнеше рет жасалған осы әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Құрметті азаматтар! Заңнамада көрсетілген өзгерістер Қазақстанның болашағы жастардың денсаулығын сақтауға бағытталған», – деп атап өтті Ренат Зулхаиров.