Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға 196 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы төленді

Azattyq Rýhy

Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға 196 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы төленді
Фото: istockphoto.com

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 582,4 мың отбасы жалпы сомасы 196,2 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде мамыр айында 592,6 мың отбасына 40 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқанын атап өтеміз.

Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.