Қосшыда 150-ге жуық адам қазақ тілінен тест тапсырды

Azattyq Rýhy

Қазақ тілінен тест тапсыратындар саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен

Қосшыда 150-ге жуық адам қазақ тілінен тест тапсырды
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшыда 150-ге жуық мемлекеттік және азаматтық қызметкер қазақ тілінен тест тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тестілеуді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» мен Қосшы қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Қосшы қаласы тілдерді дамыту орталығының басшысы Әлия Қуатжанқызының айтуынша, тест тапсырғандардың ішінде өзге ұлт өкілдері де болған.

«Осы шараның мақсаты – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау. Бұл – диагностикалық тест. Оның нәтижесі еш жерде жарияланбайды. Тест тапсырушы адамның жұмысына да әсерін тигізбейді. Тест сынақтары 4 кезеңнен тұрады. Оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым. Жалпы барлығы 100 сұрақ келеді. Биыл емтихан тапсыруға 150 адам өтініш берді. Бұл сенсация деп айтуға болады. Мемлекеттік тілден тест тапсырып жатқандардың ішінде әкімдік қызметкерлері, мұғалімдер және басқа да адамдар бар. Негізі Қосшыда 98 пайыз қазақ тұрады. Бүгін тест тапсырғандардың ішінде  5 ұлт өкілдері болды», - дейді Әлия Қуатжанқызы.

Жалпы қазақ тілінен тест тапсыратындар саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен.

«Жоспарға сәйкес биыл облыста 1000-ға тарта тыңдаушыдан Қазтест жүйесі арқылы емтихан алынды. Облыста Қосшы мен Аршалы ауданындағы қызметкерлерден тест алынды. Диагностикалық тест қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтап, тиісті сертификат алуына мүмкіндік береді. Бұл жұмыстардың барлығы Президенттің және Үкіметтің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тапсырмалары аясында жүргізілуде», - дейді Ақмола облысының оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Серік Ысқақов.

Мемлекеттік тілден тест тапсырып шыққандардың көпшілігі сұрақтардың жеңіл болғанын және бұл шараның аса маңызды екендігін тілге тиек етті.

«Қанша дегенмен ана тіліміз ғой, көбіне дұрыс жауап берген сыңайлымын, нәтижесін кейін көрерміз. Жалпы, мемлекеттік тілге қатысты осындай шаралар жиі өтіп тұрса, ана тіліміздің қолданыс аясы да кеңейе береді деген ойдамын. Ұйымдастыру жұмыстары өте жоғары деңгейде болды», – дейді Қосшы әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Жаңагүл Ердекешова.

Қазтест жүйесінің дамыту басқармасының сарапшысы Шарапат Жұмағұлованың айтуынша, қазір Қазтест жүйесі бұрынғымен салыстырғанда кеңейтілген. 100 сұрақтан құралған тест сұрақтары барлық тілдік деңгейді ойластыра отырып, қамтылған. Оның үстіне тексті тапсыру уақыты да қысқарған. Бұрын 2 сағаттан аса орындалатын тапсырмалар, енді 1 сағат 40 минутта орындалып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.