Полицейлер жасөспірімдерге қатысты ата-аналарға үндеу жасады
Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде болуына тыйым салынатынын еске салады
Жазғы демалыстың басталуымен тұрғындардың жаппай шоғырланатын жерлерінде, әсіресе кешкі уақытта жасөспірімдер саны айтарлықтай өсті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Павлодар облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полицейлер кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде болуға тыйым салынатынын еске салады.
«Ойын-сауық орындарында, мысалы, компьютерлік клубтарда, кинотеатрларда оларға түнгі сағат 22-ден таңғы сағат 6-ға дейін заңды өкілдерінсіз болуға тыйым салынады.
Айта кету керек, заңды өкілдері ата-анасы (анасы, әкесі) немесе қамқоршылары.
Егер сіз балаңызды жоғарыда аталған уақытта туыстарыңызбен немесе таныстарыңызбен серуендеуге жібергіңіз келсе, полиция қызметкерлері нотариалды куәландырылған сенімхат алуға кеңес береді, оны міндетті түрде бірге алып жүру керек», - дейді облыстық полицейлер.