Жахан Отарғалиев: Бала аңсап жүргеніме 15 жыл болды

Azattyq Rýhy

Ол 10 баласы бар отбасымен кездесті

Жахан Отарғалиев: Бала аңсап жүргеніме 15 жыл болды
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық актер Жахан Отарғалиев 10 баласы бар әйел адамға көмек керек екенін айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Баланы аңсап жүргеніме 15 жыл болады екен. Ал мына кісілердің 10 баласы бар. Әркімнің сынағы әртүрлі. 10 баласы бар отбасы бір баспанаға зәру», - дейді ол.

Актер өз сөзінде көпбалалы отбасыға баспана алып беру үшін көмек сұрады.

«Атырауға келу себебімнің бірі осы болатын. Көпбалалы отбасының баспаналы болуына сіз бен біз атсалысайық. Үлкен қызы Ақжарқын оқу ақысын төлей алмаған соң оқудан шығып қалыпты. Егер оқу ақысын төлесе, қайта қабылданады екен. Сол үшін бір жылдық оқу ақысын өзім мойныма алдым. Біздің болашағымыз білімді жастар ғой. Бәрі жақсы болады», – дейді Жахан Отарғалиев.

Өз кезегінде көпбалалы ана соңғы бір айда 4 үй ауыстырғанын жасыра алған жоқ.

«Басқаға бай болмасам да, балаға баймын. Жолдасымның ақшасы тек тамаққа кетеді. Жаңа киім де алып бермеймін. Бірінікін бірі киіп өсіп жатыр. Бірақ баспанамыздың болмауы жанға батады. Біз бір айда 4 үй ауыстырдық. Көпбалаға ешкім үйін бергісі келмейді. Өте қиын жағдайдамыз», – деп көпбалалы ана көз жасына ерік берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.