«AMANAT» Бангкокта Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бастамаларын жариялады
Таиландта Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы Іскерлік кеңесінің отырысы өтті
«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Бангкокта іскерлік кеңестің екінші отырысына және Азиялық саяси партиялардың Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің (АСПХК) 41-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Бангкокта өткен Азиялық саяси партиялардың Халықаралық конференциясы Іскерлік кеңесінің екінші отырысында сөз сөйледі. Іс-шарада өңірлік ынтымақтастық, тұрақты даму және бейбітшілік мәселелерін талқылау үшін Азияның түрлі субаймағындағы 23-тен астам саяси партияның өкілдері бас қосты.
Өз сөзінде Эльдар Жұмағазиев климаттың өзгеруі, геосаяси тұрақсыздық және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты жаһандық сын-қатерлерді шешудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ол Қазақстан азық-түлік қолжетімділігін жақсартуға және оның сапасын қамтамасыз етуге ықпал ете отырып, әлемдік қоғамдастықтың белсенді қатысушысы саналатынын жеткізді. Қазақстан жыл сайын алты-жеті миллион тонна бидай экспорттап, дәнді дақылдар өндірісі бойынша көшбасшы елдер қатарына кіреді.
«Бүгінде әлем климаттың өзгеруі және геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық сын-қатерлерге тап болған кезде, әлем халқының үштен біріне жуығы азық-түлік тапшылығын сезініп отырған тұста тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі басты міндет болып қала береді», – деді ол.
Сондай-ақ ол Қазақстан өзге елдерге гуманитарлық көмек көрсетіп жатқанына да назар аударды. Былтыр еліміз табиғи апаттардан зардап шеккен алты мемлекетке қолдау ретінде 92 миллион АҚШ долларын бөлді. Олардың қатарында Палестина, Ауғанстан, Түркия және Пәкістан сынды елдер бар.
«AMANAT» Хатшысы жаһандық азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізуді саясиландырмау қажет екеніне ерекше мән берді. Эльдар Жұмағазиев Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Транскаспий халықаралық көлік бағыты сияқты жаңа дәліздерді дамытудың маңызын атап өтті. «AMANAT» партиясының Хатшысы Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі бастамаларды да таныстырды.
«Партиямыздың «Ауыл аманаты» жобасы жеңілдікпен несие беру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған. Бұл дегеніміз жылдық мөлшерлемесі небары 2,5 пайызды құрайтын несиелер, сонымен қатар кооперацияның негізгі түрлерін оқыту, мемлекеттік субсидияларға өтініш беру, өнім өткізу нарығын табуға көмектесу, «алқаптан сөреге дейін» тізбегін орнату», – деді ол.
Азиялық саяси партиялардың Халықаралық конференциясы – Азия және Океания елдері саяси партияларының халықаралық бірлестігі 2000 жылы Манилада (Филиппин) құрылды. Оның негізгі мақсаты – Азиядағы аймақтық ынтымақтастық пен тұрақты дамуға ықпал ету. Ұйым Латын Америкасы мен Африкадағы ұқсас құрылымдармен ынтымақтасатын басқарушы, парламенттік және оппозициялық партияларды қамтиды. Жоғары орган – АСПХК Тұрақты комитеті. «AMANAT» партиясы 2008 жылдан бастап АСПХК ТК мүшесі саналады, 2009 жылы Астанада бесінші Бас Ассамблея және АСПХК Тұрақты комитетінің оныншы отырысы өтті.