Бүгін елімізде ауа райы қандай болады
Республика бойынша екпінді жел соғады
«Қазгидромет» РМК бүгінге, 28 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің батыс өңірлері ауқымды аңтициклон ықпалында болғандықтан, мұнда күн ашық болады. Еліміздің қалған аумақтарында циклон және онымен байланысты атмосфералық ағындар әсерінен, күн әлі де құбылмалы болады, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде еліміздің солтүстік-шығысында, шығысында қатты жаңбыр жауып, түнде Қазақстанның солтүстігінде, орталығында жауын-шашын, еліміздің шығысында жауын-шашын қар, жаңбыр жауады. Республика бойынша екпінді жел соғып, солтүстікте, шығыста бұршақ жауады, дауыл тұрып, солтүстік-батыста, шығыста түнде тұман түседі.
Түнде Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының солтүстігінде, Солтүстік-Қазақстан, Қостанай облыстарының батысында, оңтүстігінде Алматы облысының таулы аудандарында 1-3 градус үсік жүреді.
Қостанай облысының оңтүстігінде, Атырау облысының батысында, оңтүстігінде, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында жоғары өрт қауіпі сақталады.
Жетісу облысының шығысында, Түркістан облысының шөлді аудандарында төтенше өрт қауіпі сақталады.