Айбынды армиямыз – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының мызғымас кепілі – Бектенов

Azattyq Rýhy

Қарулы Күштеріміздің әскери әлеуетін жаңғыртуға ерекше назар аударылып келеді

Айбынды армиямыз – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының мызғымас кепілі – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қашанда қайсарлық пен асқақ рухтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан айбынды армиямыз – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының мызғымас кепілі. Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен бүгінде Қарулы Күштеріміздің әскери әлеуетін жаңғыртуға, кәсіби деңгейін сапалы дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Біз Отан алдындағы қасиетті борышына адалдық танытқан қаһармандарымызды ұдайы мақтан тұтамыз. Биылғы алапат табиғи апат кезінде әскери қызметшілер де елмен бірге ауқымды жұмыстардың алдыңғы шебінен табылды. Бұл орайда, сарбаздарымыз бен сардарларымыздың қажырлы еңбектері шексіз құрметке лайық. Әркез абырой биігінен көрініңіздер» - деді Премьер-Министр.

Сөзін жалғай отырып, әскери қызметшілерге ізгі тілектерін білдірді.

«Осынау мерейлі күні Қарулы Күштеріміздің ардагерлеріне, ел тыныштығын қорғап жүрген әскери қызметшілердің барлығына мықты денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке тілеймін.

Егемен еліміздің еңсесі биік, іргесі берік болсын!» - деді Олжас Бектенов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.