Су басқан өңірлерге бүгінге дейін көмекке 5 мыңнан астам әскери қызметкер жіберілді
227 автомобиль, 12 армиялық тікұшағы, 5 әскери-көліктік авиация ұшағы және 3 ұшақ жұмылдырылды
Су басқан өңірлерде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізу үшін батыс өңірлерге Қорғаныс министрлігінің қосымша күштері мен құралдары бөлінді. Бұл туралы ҚР ҚМ ресми өкілі Руслан Жангулин ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен құралдары су басқан өңірлердің тұрғындарын эвакуациялау, су басу қаупі бар жерлерді күшейту, өзендердің, көлдердің және көшелердің жағасында құм салынған қаптарды нығыздап, төсеу, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды ауыз сумен және жарықпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауды жалғастыруда.
«Жедел штабтың шешімі бойынша Қарулы күштерден қосымша күштер мен құралдар бөлінді. Ақтөбе қаласында дезинфекциялық жұмыстарды жасау үшін құрамында 50 әскери қызметші және 17 бірлік техника құралдары бар Тараз гарнизонынан радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесі, Солтүстік Қазақстан облысына Қонаев гарнизонының арнайы техникасы бар инженерлік бөлімшесі бөлінді», - деді Руслан Жангулин.
Сонымен қатар, жеке құрамға да, халыққа да білікті медициналық көмек көрсету үшін Қарулы күштердің төрт әскери-медициналық бөлімшесі мен мекемелерінен құрамында 57 адам бар медициналық бригадалар, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жеткілікті қамтамасыз етілген 8 санитарлық автокөлік бөлінді.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға ҚР Қарулы күштерінен барлығы 5 мыңнан астам әскери қызметші, 227 бірлік автомобиль техникасы, 12 армиялық авиация тікұшағы, 5 әскери-көліктік авиация ұшағы және 3 ұшақ жұмылдырылды.