Ақтөбе прокуратурасы бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактісін анықтады

Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр

Ақтөбе прокуратурасы бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактісін анықтады
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласының прокуратурасы жол белгілерін салуға бөлінген бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құзырлы ведомство мәліметінше, 2023 жылы «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы»КММ мен серіктестіктердің бірі арасында Ақтөбе қаласының жолдарында жалпы сомасы 213,3 млн теңгеге жол белгілерін орнату туралы шарт жасалған. Шарт бойынша барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін орталық көрсетілген соманы толығымен төлеген.

«Шарттың талаптарына сәйкес 3 айдың кепілдік мерзімі ішінде серіктестік бұзылған белгілерді өз есебінен қалпына келтіруге міндетті. Алайда, тексеру барысында аталған орталықпен кепіл мерзімі ішінде бұзылған белгілерді қалпына келтіргені үшін серіктестікке жалпы сомасы 45,5 млн теңгеге бюджет қаражаты заңсыз аударылғаны анықталды. Ақтөбе қаласының прокуратурасы жоғарыда айтылғандардың негізінде, ҚК-тің 361-бабының 1-бөлігі (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады»,  - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу және процестік шешім қабылдау үшін Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданғаны да нақтыланады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.