Үндістанда студенттер бастарына қорап киіп емтихан тапсырған
Үндістанда бастарына қорап киіп емтихан тапсырып отырған студенттердің суреті әлеуметтік желіде кең тарап, арты дауға ұласты
«Үндістанның Карнатака штатындағы Хавери қаласының Бхагат колледжінің студенттері химия пәнінің емтиханында бастарына қорап киіп отырған. Бұл студенттердің көшіруіне мүмкіндік бермес үшін жасалған», деп жазады ВВС.
Колледж әкімшілігі бұл жағдай үшін билік алдында кешірім сұрады. Олардың айтуынша, олар бұл тәжірибе басқа мектептерде де қолданылғанын білгеннен кейін өз колледждеріне енгізген. Сонымен қатар колледж басшылары бұл мәжбүрлі түрде болмағанын, қорапты студенттер өздері алып келгенін айтқан.
«Суретті әлеуметтік желіде көрген білім басқармасы бірден колледжге барып, мұндай әрекетті тоқтатуды талап еткен. Сонымен қатар жауапты орган колледж басшыларына ескерту жариялаған», деп жазады басылым.