Президент күйші, композитор Әбдімомын Желдібайұлының туыстарына көңіл айтты
Ол саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнаған

Мемлекет басшысы күйші, композитор Әбдімомын Желдібайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәулескер күйші, композитор, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, осыған дейін күйші, композитор Әбдімомын Желдібайұлының өмірден өткені туралы хабарланған болатын.