«Құлап, есінен танып қалған»: Астанадағы оқушылар гардероб алдында топырлап, қысылып қалды (ВИДЕО)
Мектеп директоры жұмысынан қуылды
Астанада №99 мектебінің оқушылары гардеробта бірін-бірі итеріп, қысылып қалған сәті түсірілген видео жарияланды. Осы оқиғадан кейін Білім басқармасы мектеп директорының қызметінен қуылғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға екінші ауысымдағы сабақ кестесіне байланысты болған. Жеті сыныптың сабағы бір уақытта аяқталып, оқушылар сырт киімдерін алу үшін гардеробқа қарай жүгірген.
Әлеуметтік желіде ата-аналар мұндай жағдайдың мектепте жиі болатынын жарыса жазды.
Жазба авторының айтуынша, оқушылардың бірі қысылып қалып, кейін құлап, есінен танып қалған.
«Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде оқушының есінен танып, құлағаны туралы ақпарат расталған жоқ. Мектеп директоры қызметінен босатылды», – деп хабарлады қалалық Білім басқармасы.
Мектепте сырт киім ілінетін орында қызметкерлердің бақылауы мен кезекшілігі күшейтілді. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін қосымша шаралар қабылданды.