Депутаттар өңірлерде су тасқынының кезекті легіне дайындалуға көмектесіп жатыр
Тасқын Ақсу қаласына да қауіп төндіріп отыр
Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмысын жалғастыруда. Кейбір елді мекендерде су тартылып жатса, кейбірінде тағы да тасқын су келе жатыр. Халықпен кездесуде депутаттар табиғи апаттан келген шығынның қалай қалпына келтірілетінін түсіндіріп, алдағы су тасқынына дайындыққа көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев Атырау облысына барып, бөгет соғылып жатқан аймақтарды аралады. Алдымен Соколок каналы аумағындағы тасқын судың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл учаскеге Атырау қаласындағы Жұлдыз ықшам ауданы және Ақсай, Ақжар, Талқайраң, Бесікті ауылдарының маңайлары кіреді.
Мұнда ұзындығы 15 шақырымды құрайтын дамба салынып жатыр. Бүгінде оның 8 шақырымы аяқталған.
Депутат Екатерина Смышляева Қостанай облысы Қарасу ауданының тұрғындарын эвакуациялауға қатысты. Мұнда 39 елді мекеннің 8-ін су басқан. Ал Қарамырза ауылында 33 аула мен 53 тұрғын үй зақымданған.
Жергілікті тұрғындармен кездесуде мәжілісмен су тасқынынан зардап шеккендер тұрғындарға қандай өтемақы төленетінін түсіндірді. Ол үшін арнайы комиссия шығынды толық есептейді. Тұрғын үйлері бүлінген азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.
«Қазір жергілікті атқарушы органдар қалпына келтіруге болатын үйлерді жөндеу бойынша жұмысқа кірісетіндерін айтты. Ал қалпына келтіруге мүмкіндік болмаса, Үкімет мәлімдегендей, жаңа үйлер салынады. Егер ол учаскелер су басып қалған аумақтарда болса, онда басқа жер беріледі. Бұл мәселе қалай да шешіледі», – деді Екатерина Смышляева.
Бүгінде Қостанай облысында су тасқыны басылып келеді. Өңірде Қарасу және Қостанай аудандарының алты елді мекенінде, сондай-ақ облыс орталығында 150-ден астам жеке тұрғын үй әлі де су басу аумағында қалып отыр.
Депутат Вера Ким Павлодар облысындағы жұмысын жалғастыруда. Ол Атамекен және Кенжекөл ауылындағы бөгеттердің, бекіністер мен жағалаулардың техникалық жағдайымен танысты.
Мұнда су тасқынының бірінші кезеңі апатсыз өтті. Ертіс өзенінің бойында орналасқан Жоғары Ертіс су қоймаларынан Шығыс Қазақстан облысына судың екінші толқыны келуі мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін жағалауларды нығайтуға топырақ әкелініп жатыр. Атамекенге 2 мың тонна, Кенжекөлге 6,5 мың тонна құм жеткізілді.
Тасқын Ақсу қаласына да қауіп төндіріп отыр. Қаланың оңтүстік-шығыс жағына жер үсті бөгеттері тұрғызылды. Сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауында ұзындығы 1020 м, биіктігі 4,5 м қорғаныс құрылыстары салынып, 3 мың тоннадан астам топырақ жұмсалды.
Сарапшылармен және ведомстволық құрылымдардың өкілдерімен әңгімелесу барысында Вера Ким ескерту жүйелерін тексеру, эвакуациялау орындарын анықтау және жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажеттігіне назар аударды. Қазір құтқарушылар елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік етіп, мамандар бекіністерді тексеріп жатыр.