«Ауылдарда су деңгейі төмендеді»: Шет ауданындағы ахуал туралы айтылды
Азаматтардың белсенділігімен гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр
Қарағанды облысының Шет аудандық мәслихатының төрағасы Саят Социал Facebook парақшасында су тасқынына қарсы атқарылып жатқан шаруалар туралы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңі көптеген тұрғындарымыз үшін тосыннан келген қиындық болды. Еліміздің әр аймағында ағын судың арыны жылдағыдан айрықша байқалды.
Алайда, біз қай уақытта болмасын кез келген күрделі кезеңнен бекем бірлігіміз бен бір бірімізге деген бауырмал, жанашырлығымыздың арқасында аман қалған жұртпыз. Соның бір дәлелі, шежірелі өлкеміздің су кірген ауылдарына алдыңғы апта басынан көптеген гуманитарлық көмек көрсетілуде», - дейді Саят Социал.
Сөз арасында азаматтардың белсенділігімен гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқанын қозғап өтті.
«Динара Сәтжан секілді елжанды қыздарымыз бастап, облыстық «Әнет баба» мешітінің жамағаты қоштап, «Шығыс» сауда орталығының кәсіпкерлері, аудандық мешіт жамағаты мен кәсіпкер азаматтары ізгі іске өз үлестерін қосуда.
Сондай-ақ, осы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясынан келген гуманитарлық көмек түрі бір шаңырақтың астындағы халқымыздың ынтымағын тағы бір айқындап өткендей. Алаулаған жалынға қанатымен су сепкен қарлығаштай қайырымдылық ісіне белсене араласып, әр ауылға аман-есен жетуіне жан аямай еңбек етіп жатқан жергілікті атқарушы орган мен ерікті жастарымыз мақтануға тұрарлық», - деді ол.
Сөзін жалғай отырып, аудандағы су тасқыны жағдайы реттеліп жатқанын қозғап өтті.
«Құдайға шүкір, қазіргі таңда барлық ауылдарда су деңгейі төмендеді. Қауіпті аймақтардан эвакуацияланған тұрғындарымыз өз үйлеріне қайта оралуда. Осы сәтте, бір үзім нанымен бөлісіп, өзгені де бөтенсімейтін дархан жұртымыздың текті ұрпақтарына, ауылдарға көмек қолын ұсынып жатқан барша елжанды жандарға ризашылығым шексіз. «Жақсылықтың қайтымы – мың есе, сауабы – мәңгілік» демекші Сіздердің көмектеріңіз өздеріңізге миллион есе болым қайтсын деп тілеймін. Еліміз бен жеріміз аман болып, бейбіт Отанымыз гүлдене берсін!» - деді Саят Социал.