Ерлан Қошанов: Дүлей күшке қарсы ел азаматтарының бірігер, ердің сыналар шағы келді

Azattyq Rýhy

Ол қолұшын созып жүрген жастарға алғыс білдірді

Ерлан Қошанов: Дүлей күшке қарсы ел азаматтарының бірігер, ердің сыналар шағы келді
Коллаж: Azattyq Rýhy

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов еліміздегі су тасқыны болып жатқан өңірлерде жастар да төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге жұмысқа бел шеше кірісіп, халыққа аянбай қызмет көрсетіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қадірлі ағайын! «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешеді» деген. Қазір сондай жағдай туып тұр. Қардың күрт еруі салдарынан еліміздің біраз өңірін су басты. Қарғын су талай ауылды қапы қалдырып, үйлерді, қора-қопсыны шайып, малдарды ағызуда. Дүлей күшке қарсы ел азаматтарының бірігер, ердің сыналар шағы келді.

Осындай сын сәтте «AMANAT» партиясының рухты жастары белсеніп шығып, табиғи апат орын алған өңірлерден табылып отыр», - деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов сөзін жалғай отырып, қолұшын созып жүрген жастарға алғыс білдірді.

«Жастар рухы жергілікті төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге жұмысқа бел шеше кірісіп, халыққа аянбай қызмет көрсетуде. Тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіруге, өзен-сулардың арнасын биіктетуге, гуманитарлық көмекті тұрғындарға үлестіруге, су басқан ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына барынша атсалысуда. Күн-түн демей дамылсыз жұмыс істеп, нағыз азаматтық мінез танытып, қиындыққа ұшыраған жұртқа қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолұшын созып жүрген жастарымызға айтар алғысым мол.

Олардың қай-қайсысы да сын сәтте шыңдалған, әрдайым жұрт жанынан табылған болашақ ел тірегі болар отаншыл, рухты азаматтар деп білемін.

Еліміздің күші – бірлікте. Жұдырықтай жұмыла отырып, бұл қиындықты да еңсеретінімізге сенімдімін», - деді Ерлан Қошанов.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге барды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.