Мәжілісте «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заңға өзгерістер енгізіледі
«Органикалық» деген атпен сатылатын, органикалық емес өнімдер айналымының жолы кесіледі

Мәжіліс отырысында депутаттар «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Қазақстан Республикасы заңы мен оған ілеспе заңдарды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Заң табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыруда және дамытуда жәрдем көрсетуге, сыртқы нарықтарда отандық өндірушілердің органикалық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Заң органикалық өндірісті сұраныстар мен өткізу нарығының қалауына байланысты таңдалған стандарттың талаптарына сәйкестігін сертификаттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, заң жобасы органикалық өнім өндірушілерге өздерінің қаржылық шығындарын (сертификаттау, инспекциялық) азайту үшін бір тұлға ретінде органикалық өнім өндірісінің сәйкестігін растау рәсімінен өту үшін бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестікке бірігуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, органикалық өнімді сату кезінде бақылау енгізіледі, ол мыналарға ықпал ететін болады:
- тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғау;
- «органикалық» деген атпен сатылатын, органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесу;
- отандық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғау.
Ілеспе заң жобасында өндірушілерді екі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көзделеді:
- сәйкестік сертификаты құнының 50% субсидиялау;
- органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау бағыттары», - деді депутат, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Айдарбек Қожаназаров.