$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысындағы ахуал: су тасқынына қатысты тұрғындардан 1 440 өтінім түскен

Өңірде 26-28 наурыз аралығында күн күрт жылынып, арты жаңбырға ұласуы мүмкін

Ақтөбе облысындағы ахуал: су тасқынына қатысты тұрғындардан 1 440 өтінім түскен
Фото: qaz-media.kz

Облыс басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен су тасқынына қарсы штаб отырысында облыста қалыптасқан су тасқыны жағдайы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ауа температурасының күрт жылынуының салдарынан аймақта қардың қарқынды еруі басталды. Нәтижесінде Мұғалжар ауданында еріген қар суының жол төсемі үстімен ағуының 4 фактісі тіркелді. Байғанин ауданының «Қарауылкелді-Алтай Батыр-Миялы» жергілікті маңызы бар жолдың 63 шақырымында тағы екі су басу оқиғасы орын алды. Аудан орталығынан Оймауыт, Дияр және Миялы ауылдарына дейін жол қатынасы үзілді. Екінші жағдай Ойыл ауданындағы «Амангелді-Көптоғай» автожолында орын алды. Еріген су Көптоғай ауылы арқылы өтіп, тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді. Шаралар шұғыл түрде қабылданды. Елді мекенге қажетті техника мен инертті материалдар жеткізілді. Жағдай бақылауда», - деді Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.

Оның сөзінше, бұл мәселелерді шешу үшін жол деңгейін көтеріп, қосымша су құбырларын орнату қажет.

Сонымен қатар «Қазгидромет» мамандары 26-28 наурыз аралығында күн қатты жылынып, жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін екенін айтып, ескерту жариялады. Нәтижесінде Ақтөбе қаласында және облыс бойынша қардың қарқынды еруі күтілуде.

Сондай-ақ, өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейі көтеріле бастады, осыған байланысты судың өзен арнасынан шығып, су басу қаупі бар.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Ринат Шауеновтың айтуынша, бүгінгі таңда үш су қоймасы 49-57%-ға толған. Ақтөбе су қоймасына – 170 - 245 млн.м3, нормасы 179 млн. м3, Қарғалы су қоймасына – 169 - 265 млн. м3, нормасы 292 млн. м3 еріген судың түсуі күтілуде.

«Біз гидротехникалық құрылғылардың көтергіш механизмдерін тексеру, су тораптарының электр жабдықтарын тексеру, жанар-жағармай және материалдардың апаттық қорын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Резервтік авариялық жылжымалы электр станциялары дайындалды. Барлық нысандармен телефон байланысы орнатылған», - деді Ринат Шауенов.

Баяндамашыларды тыңдаған өңір басшысы барлық бақылаушы органдар мен аудан әкімдеріне су тасқынына байланысты туындаған кез-келген жағдай туралы дереу баяндауды тапсырды, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі хабарламаларға уақытылы ден қоюды жүктеді.

«Қажетті техника, барлық күштер мен құралдар жұмылдырылып, су тасқынының алдын алуға бағытталуы тиіс. Аудан әкімдері су тасқыны жағдайы туралы үнемі баяндап отыруға және ауылдық округ әкімдерімен тұрақты байланыста болуға міндетті. Сіздер халықтың қауіпсіздігіне жауаптысыздар. Егер елді мекендер жолдан ажыратылса, жергілікті тұрғындарға қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу ұйымдастырылуы тиіс. Санавиация қызметі науқасқа шұғыл көмек көрсетуге дайын болуы қажет. Халық жиі пайдаланатын өткелдерді су басқан жағдайларда, ешкім өз өмірі мен көлігіне қауіп төндірмеуі үшін сол жерлерде кезекшілікті ұйымдастыру қажет. Жазатайым оқиға Байғанин ауданы Ебейті ауылында орын алды. Ойнап жүрген бала, жиналған қар суына аяғы батып, қайтыс болды. Мұндай жағдайларға жол бермеу керек. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс, сондықтан аудан әкімдеріне халықпен және барлық мемлекеттік органдармен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды назардан тыс қалдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, кез-келген жағдай туралы маған дереу баяндауды тапсырамын», - деді Асхат Шахаров Ақтөбе қаласы мен аудандарының әкімдеріне.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде жедел шаралар қабылдау мақсатында облыстық су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары