«Олай болса, жұдырықтасайық»: Жәнібек Әлімханұлы америкалық әлем чемпионын жекпе-жекке шақырды
Бұған дейін Әлімханұлы америкалық және кубалық боксшыларды жекпе-жекке шақырған болатын

WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) жеңіліп көрмеген америкалық боксшы, WBC титулының уақытша иегері Дэвид Бенавидесті (28-0, 24 КО) жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Prosports.kz-ке сілтеме жасап.
«Бенавидес, сен мықтылармен жұдырықтасқың келеді, олай болса, жұдықтасайық! Біздің кездесу жоғары деңгейде өтеді! Мұны сен де, фанаттар да біледі. Егер салмақ қуа алсаң, екінші орта дивизионда жұдырықтасуға дайынмын! Оңай жұмыс!» –деді Жәнібек Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін Әлімханұлы WBC нұсқасы бойынша титул иегері америкалық Джермалл Чарло (32-0, 22 КО) мен WBA нұсқасы бойынша чемпион кубалық Эрисланди Лараны (29-3-3, 17 КО) жекпе-жекке шақырған болатын.
Еске салайық, қазақстандық боксшы кейінгі жекпе-жегінде WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулдарын біріктірген еді. Әлімханұлы алтыншы раундта техникалық нокаутпен германиялық Винченцо Гуальтьериді (21-1-1, 7 КО) мерзімінен бұрын жеңген болатын.