Екібастұзда балық аулауға шыққан екі адам көлігімен бірге мұз астына түсіп кетті
Оқиға «Шандықсор» жасанды су айдынында болған
Екібастұзда балық аулауға шыққан екі адам көлігімен бірге мұз астына түсіп кетті. Қайғылы оқиға кеше кешке болды. Көлік жағадан шамамен 700-800 метр жердегі мұз ойығына құлап кеткен. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, оқиға Екібастұздың ГРЭС-2 стансасы аумағында, «Шандықсор» жасанды су қоймасында болған. 1978 және 1976 жылғы екі ер адам балық аулауға шығып, жеке көлікпен мұз астына түсіп кеткен.
«22 наурызда сағат 20:33 Екібастұз қаласында, ГРЭС-2 ауданында, «Шандықсор» жасанды су айдынында 1978 және 1976 жылы туған ер адамдар жеке көліктерімен мұз астына кетіп қалғаны туралы хабар келіп түсті. Ер адамдар балық аулауға Павлодардан келгені белгілі. Көлік жағадан 700-800 метр қашықтықта батып кетті», - деп хабарлады ҚР ТЖМ.
Министрлік мәліметінше, 23 наурызда сағат 07:20-да Екібастұз қаласының құтқарушылары іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. 7 адам, 2 бірлік техника және 1 жүзу құралы жұмылдырылды.
Құтқарушылардың күшімен балықшылардың денелері судан шығарылды.
ТЖМ мұздың қазір өте жұқа екенін және оған шығу қауіпті екенін ескертеді.